Павлодар облысында ауа райының нашарлауына байланысты жолдар жабылуы мүмкін
Синоптиктер қар, жаңбыр, көктайғақ және желдің күшеюін болжап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен «ҚАЖсервис» серіктестігінің Павлодар облыстық филиалдарының мәліметінше, 14–15 қараша күндері өңірде ауа райы нашарлайды.
Осы күндері жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ және тұман күтіледі. Сонымен қатар ауа температурасы төмендеп, желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін жетуі мүмкін. Қолайсыз ауа райына байланысты республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіліп, кейбір бағыттар жабылуы ықтимал.
Жол қызметтері жүргізушілерді сақтық шараларын ұстануға, жылдамдықты төмендетіп, қауіпсіз арақашықтықты сақтауға шақырады. Сондай-ақ қысқы маусымның басталуына байланысты көлік дөңгелектерін уақытылы қысқы шинаға ауыстыру ұсынылады.
Мамандар алыс сапарға шығар алдында ауа райы болжамы мен жолдардың жағдайын нақтылап алуға кеңес береді.