Павлодар облысында «Ауыл құтқарушылары» желісі кеңейді

Павлодар облысында «Ауыл құтқарушылары» желісі кеңейді
Фото: ТЖД

Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы Жалаулы ауылында «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының жаңа бекеті ашылды. Бұл – Қазақстан бойынша ашылған 336-шы бекет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңғырту жұмыстары аяқталған бекет Жалаулы, Қарасу және Балтасап ауылдарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл елді мекендерде жалпы саны 1000-ға жуық адам тұрады. Бұған дейін ауылдарға Ақтоғай ауданының №15 өрт сөндіру бөлімі қызмет көрсеткен.

Бекет ғимаратында жеке құрамға арналған әкімшілік-тұрмыстық және демалыс бөлмелері, санитарлық аймақтар жабдықталған. Мұнда бір өрт сөндіру автокөлігі орналастырылады. Штатта екі қызметкер жұмыс істейді.

Төтенше жағдайлар министрлігі бекетке өрт сөндіру автоцистернасын берген. Сонымен қатар ерікті өрт сөндірушілер қажетті жауынгерлік киім-кешекпен қамтамасыз етілген.

Жаңа бекеттің ашылуы шалғай ауылдарда өрт пен басқа да төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. «Ауыл құтқарушылары» жобасы елді мекендердің қауіпсіздігін күшейтіп, тұрғындарға уақытылы көмек көрсетуге бағытталған.