Павлодар облысында ауыр қылмыс азайғанымен, жолдағы қауіп сейілген жоқ
Тәртіп сақшылары өткен тоғыз айды қорытындылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінде биылғы тоғыз айдағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы шығарылды. Өңірде тіркелген құқық бұзушылықтардың жалпы саны азайған. Дегенмен жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты бірқатар мәселе әлі де өзекті болып отыр.
Полиция департаментінің мәліметінше, есепті кезеңде аса ауыр және ауыр қылмыстардың, кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, тонау, бопсалау, ұрлық және автокөлікті заңсыз айдап әкету деректерінің саны төмендеген. Сондай-ақ зорлау және жыныстық қолсұғушылыққа қарсы қылмыстар азайған.
Қоғамдық орындарда, көшелерде, топ болып және кәмелетке толмағандар жасаған құқық бұзушылықтар да кеміген. Полиция бұл нәтижені жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізілген профилактикалық жұмыстармен байланыстырады. Өңірде бейнебақылау жүйелері қолданылып, тұрғындар арасында түсіндіру және мекенжайлық профилактика шаралары жүргізілуде.
– Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – негізгі міндеттеріміздің бірі. Біз құқық бұзушылықтарға жедел ден қойып қана қоймай, олардың алдын алуға да басымдық береміз. Бұл – азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған күнделікті жұмыс, – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Алмаз Төкенов.
Қылмыстардың ашылу көрсеткіші жақсарған
Есепті кезеңде қылмыстардың жекелеген түрлерін ашу көрсеткіштері де өскен. Атап айтқанда, ұрлық, пәтер ұрлығы, мал ұрлығы және қалта ұрлығы бойынша оң динамика тіркелген. Бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстың ашылу көрсеткіші 100 пайызға жеткен.
Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес барысында 179 құқық бұзушылық анықталған. Заңсыз айналымнан 463 келіден астам есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде 14 келіден астамы – синтетикалық есірткі.
Жол қауіпсіздігі әлі де өзекті
Қылмыс деңгейінің төмендеуіне қарамастан, жолдағы жағдай полицияны алаңдатып отыр. Жалпы жол-көлік оқиғалары мен қаза тапқандар саны азайғанымен, жаяу жүргіншілер мен кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған апаттар, сондай-ақ мас күйінде көлік басқаруға байланысты жол-көлік оқиғалары көбейген.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері көлік құралын мас күйінде басқарудың 305 дерегін анықтап, жолын кескен.
Қорытынды жиында департамент басшылығы алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді белгіледі. Енді қылмыстардың ашылу деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және балалардың құқықтарын қорғауға баса назар аударылмақ.
Сонымен қатар, полиция бөлімшелерінің басшыларына қызметтік тәртіпті нығайту, заңдылық пен қызметтік әдеп талаптарын сақтау міндеттелді. Азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық пен құрмет таныту қажеттігі де ерекше атап өтілді.