Павлодар облысында автокөлікті айдап кету, қалта ұрлығының 100% ашылуына қол жеткізілді
Сондай-ақ бұл санатта қарақшылық пен ұрлық бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр өткен жылғы полиция қызметінің қорытындысы туралы хабарлады.
– Полиция 95 есірткі қылмысының жолын кесті, оның ішінде 78-і – ірі көлемдегі есірткі сату фактісі. Заңсыз айналымнан 424 келі есірткі тәркіленді, есірткі сатумен айналысатын төрт қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, қарасора өсірілетін және синтетикалық есірткі өндірілетін төрт есірткі зертханасы анықталды. Қырғызстан азаматының мемлекеттік шекара арқылы 70 келіден астам есірткі өткізген контробанда фактісі анықталды, – деді Василий Скляр.
Сондай-ақ, құқықтық тәртіп сақшылары қабылдаған шаралар нәтижесінде кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, мал ұрлау, ұрлау, алаяқтық жасаудың саны азайды. Көшелерде жасалған қылмыстар саны 12%-ға азайды. 10 мың тұрғынға шаққанда қылмыс деңгейі 63 құрады.
Ауыр және аса ауыр қылмыс түрлерінің ашылуы 64% құрайды. Қарақшылық, ұрлық, автокөлікті айдап кету және қалта ұрлығының 100% ашылуына қол жеткізілді.