Павлодар облысында автокөлік жылқымен соқтығысқан
Көлік ішінде бес бала болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, апаттық медицина орталығының қызметкерлері орын алған жағдайдан кейін бес бала мен олардың анасына жедел көмек көрсетті.
— 13 мамыр күні сағат 21:55-те «103» қызметінен Қызылорда – Павлодар автожолының Айнакөл ауылы маңында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл автокөлік жылқымен соқтығысқан, - делінген хабарламада.
Оқиға орнына Павлодар облысы бойынша апаттар медицинасы орталығының жедел әрекет ету бригадасы барды.
Дәрігерлер зардап шеккен алты адамды — бір әйел мен жасы 2-ден 12 жасқа дейінгі бес баланы тексеріп, барлығына алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Орталықтың трассалық медициналық құтқару пунктінің бригадасы балаларды анасымен бірге әрі қарай бақылау және ем алу үшін балалар ауруханасына жеткізді.
Павлодар облыстық балалар ауруханасының мәлімдеуінше, барлық балаларды кезекші травматолог хирург пен Лор дәрігері бірлесіп қараған. Зардап шеккендерге қажетті тексерулер жүргізіліп, медициналық көмек көрсетілді.
Балалардың жағдайы қанағаттанарлық. Олар ақ желеңділердің тексеруі мен медициналық көмек көрсетілгеннен кейін балалар амбулаториялық бақылауға үйлеріне жіберілді.