Павлодарлық өрт сөндірушілер тұрғындарға аяз кезіндегі өрт қаупінің артуын ескертеді
Өңірде тұрақты төмен температураның сақталуына байланысты өрттердің шығу қаупі айтарлықтай артып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті хабарлап, тұрғындарды тұрмыста өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Мамандардың мәліметінше, аязды кезеңде халық электр жылыту құралдарын, пешпен жылыту жүйесін және қосымша жылу көздерін жиі қолданады. Электр желілерінің шамадан тыс жүктелуі, ақаулы жылытқыштарды пайдалану, сондай-ақ пешті дұрыс қолданбау өрттің негізгі себептерінің бірі болып отыр. Әсіресе қолдан жасалған жылыту құрылғылары мен қараусыз қалдырылған қосулы электр құралдары үлкен қауіп төндіреді.
Қауіп-қатерді арттыратын тағы бір фактор – тұрғындардың үйлерін жанғыш материалдарды пайдалана отырып қосымша жылытуға тырысуы, сондай-ақ киім мен аяқ киімді жылыту құралдарының маңында кептіруі. Мұның барлығы өрттің шығу ықтималдығын едәуір арттырады.
Павлодар облысының ТЖД ескертеді:
- электр желілерін шамадан тыс жүктеуге жол бермеңіздер;
- тек жарамды және сертификатталған жылыту құралдарын пайдаланыңыздар;
- қосулы электр құралдарын қараусыз қалдырмаңыздар;
- пешпен жылыту ережелерін қатаң сақтаңыздар;
- жылу көздерінің маңына жанғыш материалдарды орналастырмаңыздар.
Сондай-ақ ересектерге балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару, жұмыс істеп тұрған жылыту құралдары бар үй-жайларда оларды жалғыз қалдырмау қажет.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 немесе 101 нөмірлеріне дереу хабарласу қажет.