Павлодар облысында бұрынғы әйелін аңдыған ер адам сотталды

Павлодар облысында бұрынғы әйелін аңдыған ер адам сотталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ер адам бірнеше рет ескерту алғанына қарамастан, бұрынғы жұбайына хабарласуын тоқтатпаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Polisia.kz мәліметінше, ерлі-зайыптылар қаңтар айында ажырасқан. Алайда ер адам қарым-қатынасты қайта қалпына келтіруге тырысқан. Сәуірде ол бұрынғы әйелінің жұмыс орнына барып, қайта қосылуды ұсынған. Әйел бас тартқаннан кейін жанжал шығарған.

Осы оқиғадан соң ер адамға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған. Бірақ ол белгіленген талаптарды бұзғаны үшін алдымен 10 тәулікке, кейін қайталап бұзғаны үшін 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған.

– Бірнеше рет ескерту жасалып, қорғау нұсқамалары берілгеніне қарамастан, ер адам бұрынғы жұбайымен байланыс орнатуға тырысқан. Ол әртүрлі телефон нөмірлерінен 30 ретке дейін қоңырау шалып, хабарламалар жіберген, – деп хабарлады полиция.

Кейін ер адамның әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы бойынша сталкинг ретінде сараланды. Сот оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.

Айта кетейік, Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік 2025 жылы енгізілді. Бұл адамның еркінен тыс онымен байланыс орнату немесе аңду арқылы заңсыз қудалауды білдіреді.

Аталған бап бойынша 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 50 тәулікке дейін қамаққа алу жазасы қарастырылған.