Павлодарда дүкендегі өрттен үш адам құтқарылды

Қою түтін сөндіру жұмыстарын қиындатқанымен, өрт сөндірушілер жалынды толықтай ауыздықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 6 наурыз күні Бекхожин көшесінде орналасқан 10 қабатты көппәтерлі үйге бекітілген екі қабатты дүкенде өрт болды.
– ТЖД күштерімен жедел түрде адамдарды эвакуациялау жүргізілді. 20 адам өздігінен сыртқа шықты. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар автосатының көмегімен екінші қабаттан үш адамды құтқарды. Жалын 15 шаршы метр аумақтағы бутиктердің бірінде тұтанған. Өрт қою түтіннің салдарынан сөндіру жұмыстарын қиындатқанымен, толықтай жойылды, – делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, жедел жәрдем бригадасы жеңіл түрде көміртегі тотығымен уланған екі адамға медициналық көмек көрсетті. Тағы бір тұрғын тексерістен кейін ауруханаға жеткізілді.