Павлодар облысында балабақша тәрбиеленушілерінің 90% екпе алуы тиіс
Мекеме қызметкерлеріне вакцина алған және алмаған балалар санының тұрақты есебін жүргізу міндеттелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ағымдағы жылы қызылша ауруының өршуін тоқтату және алдын алу мақсатында мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері мен келушілеріне талаптар тізімін жасады. Осыған байланысты Павлодар облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы шықты.
«Мектепке дейінгі мекеменің тәрбиеленушілерінің 90% екпе алуы тиіс. Ал 10% медициналық көрсеткіштерге немесе басқа себепке байланысты екпе алмауына рұқсат етілген. Алайда мекемеден екпесіз келген тәрбиеленушіні шығаруға құқылы емеспіз. Жұқпалы ауру белгілері бар балалар мен қызметкерлерді ұжымдарға жібермеу қарастырылады», - дейді жұқпалы аурулар және туберкулезге қарсы эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Гүлмира Құлмағамбетова.
Айта кетейік, еліміздің бас қалалары Алматы мен Астана тұрғындарында қызылша ауыруы тіркелуде. Павлодар облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
Мақсат Көлтайұлы