Павлодар облысында балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында спорттық жарыс өтті
Олар тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, үстел теннисі, жеңіл атлетика бойынша бақ сынасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сайыс Қабанбай батыр атындағы облыстық мамандандырылған әскери мектеп-интернаты спорт залында және футбол аланында өтті.
- Балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында ұйымдастырылған ХVIIІ облыстық спартакиадаға төрт команда, яғни 70 бала қатысты, - деді облыстық білім беру басқармасында. Ойын қорытындысы бойынша тоғызқұмалақтан бірінші орынды Кенжекөл ауылының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы иеленді.
Оған қоса, үстел теннисінен бірінші орынды Екібастұз қаласының «Үміт» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы алса, жеңіл атлетикадан Кенжекөл ауылының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы ие болды. Шахматтан бірінші орынды Павлодар қаласының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау жөніндегі өңірлік орталық, ал дойбыдан Екібастұз қаласының «Үміт» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы иеленді.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер облыстық білім беру басқармасының мадақтамаларымен және медальдарымен марапатталды.