Павлодар облысында балаларды оңалтудың бірыңғай жүйесі құрылады

Павлодар облысында балаларды оңалтудың бірыңғай жүйесі құрылады
Павлодар облысында балаларды оңалтудың бірыңғай жүйесі құрылады

Облыс әкімі Асайын Байханов жөндеуден кейін ашылған облыстық балаларды оңалту орталығына барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұған дейін орталық Лермонтов көшесі, 59 мекенжайында денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментімен бөлісіп тұрған.

- Мемлекеттік орган басқа ғимаратқа көшкеннен кейін шамамен 300 шаршы метр босады. Жалпы ауданы 1486,6 шаршы метр ғимаратта күрделі жөндеу жүргізіліп, мұнда ЕФК, кинезотерапия, магнитотерапия, лазерлік терапия, жарық емдеу және гидротерапия, психолог және логопед кабинеттері орналасты. Сонымен қатар, қазір орталықта 2 бассейн жұмыс істейді, оның ішінде сәбилерге арналған бассейн де бар, сондай-ақ, сенсорлық бөлмелер, монтессори кабинеті, тұз шахтасы және спорт залы ашылды, - делінген хабарламада.

Орталықтың басшысы Фарида Тұрақбаеваның айтуынша бір ауысымдағы келушілер саны бірден жүзден жүз отызға дейін өсті.

Бұл орталық оңалтудың жалпы жүйесіндегі бірінші орталық болды. Алдағы уақытта өңірде аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған орталық пен "Қамқорлық" ерте араласу орталығын ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ облыстық балалар ауруханасының триаж-орталығын салу мәселесі қаралуда.

Асайын Байханов аймақ балаларына көмек көрсететін осындай оңалту орталықтарының жұмысының маңыздылығын атап өтті.

- Мұндай оңалту орталықтары біздің балаларымыз үшін өте қажет. Олар көптеген сәбилерге көмектесе алады. Біз облыста балаларды оңалту үшін инфрақұрылымды кеңейтіп, жақсартатын боламыз, - деді облыс әкімі.

Өңір басшысы денсаулық сақтау басқармасына бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды және балалар ауруларының алдын алу үшін ерте емдеу және оңалтудың үздік отандық және әлемдік әдістемелерін жинақтауды тапсырды.

Суретті түсірген Валерий Бугаев