Павлодар облысында «болашақ инженерлер» бағдарламалаудан сынға түсті

Павлодар облысында «болашақ инженерлер» бағдарламалаудан сынға түсті

Жеңімпаз оқушылар робототехникадан халықаралық фестивальге жолдама алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Инженерлік білім беруді дамыту» қоғамдық қоры «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен және «Арман инжиниринг» ЖШС компаниясымен бірлесіп ауылдық мектептер мен моноқалалар мектептерінде инженерлік білім беруді дамыту жөніндегі «Болашақ инженерлер» ұлттық жобасын іске асыруда. 

Оның шеңберінде 2023 жылы серіктестер өңірдегі 24 білім беру мекемесін қазақстандық өндірістің заманауи робототехникалық конструкторларымен жарақтандыруды  қаржыландырды. Сондай-ақ, робототехника бойынша сыныптарға жөндеу жұмыстарын жүргізді, педагогикалық құрамды даярлауды жүзеге асырды. 

3 мамырда М. М. Катаев атындағы Оқушылар сарайының базасында оқу орындарының оқушылары үшін «R:ED FEST» робототехника және бағдарламалау бойынша ашық халықаралық фестивальдің облыстық іріктеу кезеңі өткізілді. Оқушылар бұған дейін «Болашақ инженерлер» жобасына қатысқан болатын. «Инженерлік білім беруді дамыту» қоры мен «Арман Инжиниринг» ЖШС бұл сайысты мектептердегі үйірмелер жұмысының сапасын бақылау және инженерлік пәндерді дәріптеу мақсатында оқу процесін іске асыру шеңберінде ұйымдастырды. 

Жалпы 33 команда қатысты. Іріктеу үш кезеңмен өткен болатын. «Сызық бойымен қозғалыс» бағытында бірінші орынға Екібастұз қаласынан кіші және орта топ қатысушылары және Баянауыл ауданының ересек топ мүшелері ие болды. «SUMO» бағытында алғашқы орын кіші топта екібастұздықтарға берілсе, орташа топта Аққулы ауданына тиесілі болды, ал ересек топта баянауылдықтарға берілді. «Шығармашылық санат» бағытында бірінші орынды кіші топтар арасында Май ауданының оқушылары алса, орта топта екібастұздықтар иеленді.