Павлодарлық жас таланттар IQanat финалына жол тартты
30-ға жуық қатысушы арнайы грант бойынша бақ сынайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алматы қаласында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған IQanat республикалық олимпиадасының финалы өтеді. Биыл шешуші кезеңге еліміздің барлық өңірінен іріктелген мыңға жуық оқушы қатысады. Олар 60 мыңнан астам үміткердің арасынан үздік нәтиже көрсетіп, финалға жолдама алған.

Павлодар облысынан республикалық кезеңге 31 оқушы аттанды. Финалистер IQanat High School of Burabay мектебінде тегін білім алуға мүмкіндік беретін гранттарды иеленуге және үш жылдық постолимпиадалық қолдау бағдарламасына қатысуға үміткер. Бағдарлама аясында оқушыларға білім беру курстары, тәлімгерлік қолдау және түрлі даму жобалары ұсынылады.
Республикалық финал тестілеумен ғана шектелмейді. Қатысушылар үшін тренингтер, экскурсиялар, кәсіптік бағдар беру кездесулері және IQanat түлектері тәжірибесімен бөлісетін арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады.

Баянауыл аудандық білім беру бөлімінің дарынды оқушылармен жұмыс жөніндегі әдіскері Алмас Мырзатаевтың айтуынша, олимпиада бірнеше іріктеу кезеңінен тұрады.
– Жалпы бізде ең алдымен аудандық кезең өтеді. Сол жерден іріктелген оқушылар облыстық кезеңге жолдама алады. Биыл облыс бойынша республикалық финалға 33 оқушы өтуі керек еді. Алайда екі қатысушы сырқаттанып қалғандықтан 31 оқушымен бара жатырмыз. Бұл олимпиадаға тек ауыл мектептерінің оқушылары қатысады, қала мектептерінің оқушылары жоқ, – дейді әдіскер.
Алмас Мырзатаевтың сөзінше, Баянауыл ауданынан облыстық кезеңге 37 оқушы қатысып, соның бесеуі республикалық кезеңге жолдама алған.
– Олимпиада барысында математика, оқу сауаттылығы және басқа да бағыттар бойынша тапсырмалар беріледі. Оқушылар белгіленген балдық межеден асқан жағдайда келесі кезеңге өтеді. Финалда жоғары нәтиже көрсеткен балалар толық немесе жартылай грант иегері атанып, IQanat мектебінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады, – деді ол.

Финалға жолдама алғандардың бірі – Баянауыл ауданы Сәтбаев ауылының 8-сынып оқушысы Болат Алдияр. Ол аудандық кезеңде биология пәні бойынша бақ сынаған.
– Сұрақтар орташа деңгейде болды. Шынымды айтсам, келесі кезеңге өтемін деп ойлаған жоқпын. Өткенімді естіген кезде қатты қуандым. Биология пәнінен тапсырма орындағанда ең үлкен қиындық уақыттың жетіспеуі болды. Бір жағынан кеткім келді, бір жағынан туған ауылымды қимадым. Ал жеңімпаз атанған сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу қиын, – дейді оқушы.
Айта кетейік, IQanat олимпиадасына тек ауылдық жерлердегі мектептердің 8-сынып оқушылары қатыса алады. Жоба ауыл балаларына сапалы білім алуға және өз қабілеттерін дамытуға қосымша мүмкіндік беруге бағытталған.