Павлодар облысында буллингтің алдын алу бойынша жол картасы әзірленді
Кешенді жоспар 1 қыркүйектен бастап барлық білім беру ошақтарына жеткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина мәлім етті.
– Бүгінгі таңда ата-аналар мен педагогтарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – буллинг фактісі бойынша орын алып отырған жағдайлар. Павлодар қаласында жасөспірімді ұрып-соғу фактісі жұртшылықты, педагогикалық ұжым мен ата-аналарды қатты толғандырды. Бұл факті бойынша кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық және облыстық комиссиялардың отырыстары өткізіліп, шешімдер қабылданды, – деді Самал Айтқазина.
Сонымен қатар басқарма басшысы бүгінде балаларға қатысты қатыгездікті болдырмау бойынша жедел желі ұйымдастырылғанын еске салды. Жасөспірімдер арасында буллингтің алдын алу бойынша жол картасы әзірленген.
– 1 қыркүйектен бастап барлық білім беру ошақтарына жеткізіледі. Ата-аналарды эмоционалды сауаттылық дағдыларына оқыту, баларымен қарым-қатынаста жанжалсыз орта құру әдістерін игеру, ата-аналарды жаппай құқықтық оқыту ұйымдастырылады. Мұның барлығы кешенді жоспарда көрсетілген, – деді Самал Айтқазина.
Облыстық полиция департаментінің басшысы Василий Скляр кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша учаскелік инспекторлардың штаты толық – 72 бірлік екенін атап өтті. Оның ішінде 44-і қалалар бойынша бөлінген. Олар педагогтармен бірге сауалнама, әңгіме жүргізу арқылы жұмыс істейді.
– Алдын алу шаралары апта сайын жүргізіледі. Жыл басынан бері мұндай 500-ден астам шара өткізілді. 63 адам алдын алу есебінде тұр, төртеуі арнайы мектепке жіберілген. Жағдай бақылауда, – деді Василий Скляр.
Облыс әкімі Асайын Байханов бұл бағытта ақпараттық жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Бірнеше апта бұрын бала құқықтарын қорғау ішіндегі уәкілдің сенім телефоны іске қосылды. Бұл желінің қызметін балалар мен ата-аналар асындағы вацап чаттар, жалпы әлеуметтік желідегі аккаунттар арқылы таратуды күшейту керек. Ең бастысы, ақпараттық жұмысты күшейту қажет, – деді аймақ басшысы.
Еске сала кетейік, Оқушылар сарайында кез келген адам жүгіне алатын «Сенім Room» тегін анонимді кабинеті жұмыс істейді.