Павлодарда кәсіпорын қауіпті қалдықтар үшін салық төлеуден жалтара алмады
Прокурорлар жарты миллиард теңгеден астам сомаға салық төлеуден жалтару фактілерін анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, жіксіз болат құбырларын өндіруші «KSP Steel» ЖШС ПФ төмен ставка бойынша қоршаған ортаға эмиссия үшін төлем жасады. ЖШС қауіпті қалдықтардың тоннасы үшін бір АЕК орнына 0,038 АЕК мөлшерлемесін қолданған, осылайша 113 мың тонна қожды орналастырғаны үшін 567,2 миллион орнына 9,7 миллион ғана төленген.
– Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мемлекеттік кірістер органдары кәсіпорынға 557,5 миллион қосымша есептеді, алайда ЖШС бұл шешіммен келіспеді және фискалдық органның актісіне соттарға шағымданды, – дейді прокуратурада.
2024 жылғы 30 қаңтарда Жоғарғы сот облыс прокуратурасының кассациялық өтінішхатын қанағаттандырып, жоғарыда көрсетілген сомаларды бюджетке өтеу туралы шешімді күшінде қалдырды.