Павлодар облысында бұзақыларға отбасына жақындауға тыйым салынды

Полицейлер 2 мыңнан астам тұлғаны тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында және мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға және оларға жол бермеуге бағытталған «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 179 қорғау ұйғарымы шығарылды, сот алкогольді ішуге тыйым сала отырып, құқық бұзушының мінез-құлқына 18 ерекше талап қойды. Әкімшілік жауапкершілікке 194 құқық бұзушы тартылды, олардың 56-сы отбасылық бұзақылар мен агрессорлар. Өмірлік қиын жағдайға тап болған екі отбасы және алкогольдік ішімдіктерді ішудің немесе қоғамдық орында мас күйінде пайда болудың 58 жағдайы анықталды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мысалы, Павлодар қаласында полицияға отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында үш рет шақырту түсті. Құқық бұзушы бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған қорғау ұйғарымдары шығарылды. Сот жыл бойы спирттік ішімдіктерді ішуге тыйым салып, оның мінез-құлқына ерекше талап қойды. Бұл пәтер полицияның ерекше бақылауында.
Екібастұз қаласында түнде полицияға Шәкәрім көшесіндегі жанжал туралы хабарлама түсті. Әкесі мас күйінде бұрынғы жұбайын балағаттап, күш қолданамын деп қорқытқан. Бұзақыға қатысты 30 тәулік мерзімге қорғау ұйғарымы шығарылды, оған өтініш берушіге жақындауға, үйіне кіруге, телефон қоңырауларын немесе байланыстың басқа да нысандарын жүзеге асыруға тыйым салынды.
Павлодар ауданының бір ауылында алкогольдік мас күйде болған ер адам 6 ай мерзімге сот белгілеген ерекше талаптарды бұзған. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды.
– Егер сізге немесе жақындарыңызға көмек қажет болса, үнсіз қалмаңыз – тиісті органдарға жүгініңіз. Отбасындағы қауіпсіздік – қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі, – деді полицейлер.
Полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.