Павлодарлықтар мерекелік шыршаны қайдан сатып ала алады

Павлодарлықтар мерекелік шыршаны қайдан сатып ала алады
Фото: Амира Жартекей

Табиғи шыршалардың бағасы жеті мың теңгеден басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңа жыл қарсаңында Павлодар облысына шамамен бес мың жаңа жылдық шырша әкелінді. Кәдімгі қарағайлар Ресей Федерациясынан жеткізілген. Сауда тек Павлодар қаласында ғана емес, өңірдің басқа да елді мекендерінде жүргізілуде. Бұл туралы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Шамиль Елюбаев мәлімдеді.

– Сатудың заңдылығын тексеру үшін сауда нүктелері күн сайын бақылауға алынады. Сонымен қатар, мемлекеттік орман қоры аумағында рейдтік іс-шаралар жүргізетін 50-ден астам мобильді топ жұмыс істейді, – деді Шамиль Елюбаев.

Бөлім басшысының айтуынша, әзірге заңсыз кесу фактілері тіркелмеген. Ол Павлодар облысында мемлекеттік орман қоры аумағында ағаш кесуге тыйым салынғанын еске салды, сондықтан тек жеке тәлімбақта өсірілген немесе басқа өңірлер мен елдерден әкелінген ағаштарды ғана сатуға рұқсат етіледі.

Қылқан жапырақты жас ағаштарды қорғауды күшейту мақсатында жаңа жыл алдындағы кезеңде «Шырша» операциясы іске қосылды.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер тірі жаңа жылдық ағаштарға сұраныстың тұрақты екенін айтып отыр. Мәселен, кәсіпкер Айбек Әділбековтің айтуынша, ол биыл Челябинск облысынан шамамен мыңға жуық шырша әкелген.

– Сатылымда қарағай да, шырша да бар. Баға шыршаның биіктігі мен сыртқы келбетіне байланысты. Орташа, әдемі шыршаның бағасы 10–15 мың теңге шамасында, – деп түсіндірді Айбек Әділбеков.

Ағаш сатып алуға мүмкіндігі жоқтар үшін бұтақтар ұсынылады, олардың бағасы мың теңгеден басталады. 

Шыршалардың негізгі саудасы «Квазар» сауда үйінің маңында, сондай-ақ ресми түрде рұқсат етілген басқа да орындарда өтеді. Павлодар қаласында бейстационарлық саудаға арналған 27 орын белгіленген, оның 18-і жаңа жыл алдындағы кезеңде қылқан жапырақты ағаштарды сатуға арналған.

Шыршаларды келесі мекенжайлар бойынша сатып алуға болады:

  • Естай көшесі, 132,
  • Мәшһүр Жүсіп көшесі, 11,
  • Қамзин көшесі, 171,
  • Павлов көшесі, 38,
  • Амангелді көшесі, 11,
  • Малайсары батыр көшесі, 27,
  • Ткачев көшесі, 10/3.

Қылқан жапырақты ағаштың бағасы жеткізушіге және сатып алу көлеміне байланысты өзгереді. Бөлшек саудадағы баға бір ағашқа 7 мың теңгеден басталса, көтерме сатып алуда 3,5 мың теңгеден болады.

Мерекеден кейін шыршаларды жою жауапкершілігі қала тұрғындары мен кәсіпкерлерге жүктеледі. Биыл жылдың басында инспекция жаңа жылдық шыршаларды қабылдап, оларды қайта өңдеуге жіберу бойынша акция өткізген болатын. Бұл бастама келесі жылы да жалғасын табады.