Павлодар облысында дала өрті сөндірілді
Өрт Шарбақты ауданында орман алқабына қауіп төндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазавиаорманқорғау» РМҚК мәліметінше, өрт Галкин ауылдық округінде шыққан. Мемлекеттік орман қорына жатпайтын орман екпелерінің учаскелері жанған. Кей жерлерде өрттің жоғарғы түрі байқалды.
Желдің екпіні мен бағытының өзгеруіне байланысты оттың орман алқабына таралу қаупі туындады. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт аумағы шамамен 300 гектарды құрады.
Тілсіз жауды ауыздықтауға тікұшақ, 32 техника бірлігі және орман күзеті, өрт сөндіру қызметі мен басқа да бейінді ведомстволардың 96 қызметкері жұмылдырылды.
Өрт дер кезінде сөндіріліп, оның мемлекеттік орман қорына өтуіне жол берілмеді. Қазіргі таңда оқиғаның себептері анықталып жатыр.