Павлодар облысында демалыс күндері 103 қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеді

Павлодар облысында демалыс күндері 103 қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ақ желеңділер суға кету қаупі мен ірі жол апатынан зардап шеккендерге көмектесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өткен демалыс күндері облыстық жедел жәрдем станциясына түсетін жүктеме дәстүрлі түрде артып келеді. Мәселен, өткен бейсенбіде жедел жәрдем қызметі 687 шақыртуғы шықса, жексенбі күні бұл көрсеткіш 806-ға артқан.

1 тамыз күні Баянауылдың курорттық аймағында судағы қайғылы оқиғаның алдын алу мүмкін болды. 57 жастағы әйел көлге шомылып жүрген кезде суға қақалып, батып кете жаздаған. Оны судан жағаға жұбайы алып шыққан. Жедел жәрдем бригадасы шақырту түскеннен кейін оқиға орнына 9 минут ішінде жетіп, зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетті.

- Абырой болғанда, бұл жағдайда көмек дер кезінде көрсетіліп, қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды, - дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. - Дегенмен біз су қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңыздылығын үнемі еске саламыз. Арнайы жабдықталмаған жерлерде суға түсуге, алкогольдік ішімдік ішкен күйде шомылуға немесе өз күшіңізге ғана сеніп, алысқа жүзіп кетуге қатаң тыйым салынады. Егер өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, шаршасаңыз немесе денсаулығыңыз сыр берсе, суға түсуден бас тартқан дұрыс. Сондай-ақ балаларды су айдындарының жанында, тіпті тайыз жерде де қараусыз қалдыруға болмайды.

Ал 1 тамыздан 2 тамызға қараған түні Екібастұз – Павлодар автожолында медицина қызметкерлерін тағы бір ауыр сынақ күтіп тұрды. Кеншілер қаласынан 20 шақырым жерде жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай, салдарынан автокөлік жол жиегіндегі кюветке түсіп, аударылып кеткен. Оқиға орнына жедел түрде үш жедел жәрдем бригадасы жіберілді. Жол-көлік оқиғасы салдарынан тоғыз адам зардап шекті, олардың алтауы – кәмелетке толмаған балалар. Тек бір ер адам ғана медициналық тексеруден бас тартты. Қалғандары түрлі жарақаттармен Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді. Олардың қатарында бір әйел, бір ер адам, екі ұл бала және төрт қыз бала бар.

Жедел жәрдем қызметінің мамандары барлық жүргізушілерді, әсіресе жолаушыларды тасымалдау кезінде, жылдамдық режимін қатаң сақтап, жол қозғалысы ережелерін бұлжытпай орындауға шақырады. Дәрігерлердің айтуынша, тас жолда кез келген күрт маневр, жүргізушінің шаршауы немесе назардың бір сәтке бөлінуі орны толмас қайғылы салдарға әкелуі мүмкін. Жолдағы қауіпсіздік пен адам өмірінің сақталуы ең алдымен көлік тізгініндегі адамның жауапкершілігіне байланысты.