Павлодар облысында жол апатынан бір адам қаза тапты

Павлодар облысында жол апатынан бір адам қаза тапты
Фото: Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

Құтқарушылар қысылып қалған жүргізушінің денесін көліктен алып шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 қазан күні Успен – Достық автожолында, Ольгинка ауылының маңында жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама 112 операторына түскен.

– Оқиға салдарынан «КАМАЗ» маркалы жүк көлігі аударылып, көлік ішінде қысылып қалған адам бар екені анықталды. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар гидравликалық құралдарды қолданып, ер адамның өмір белгілері байқалмаған денесін шығарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды, – делінген хабарламада.

Полицияның мәліметінше, жол апаты салдарынан жүргізуші қаза тауып, жолаушы жарақат алған.

– Алдын ала деректерге сәйкес, Ольгинка ауылынан 9 шақырым жерде «КАМАЗ» автокөлігінің жүргізушісі жол қауіпсіздігін сақтамай, көлікті аударып алған, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталып жатыр.