Павлодар облысында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жан-жақты көмек көрсетілуде

Әлеуметтену деңгейін арттыру мақсатында бюджеттен 3,2 миллиард теңге көзделген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рахымованың мәлімдеуінше, өңірде мүгедектігі бар 29,4 мыңнан астам адам тұрады, оның ішінде: I топтағылар – 4182 адам, II топтағылар – 11234 адам, III топтағылар – 10075 адам және 18 жасқа дейінгі бала саны – 3917.
– Әлеуметтену деңгейін арттыру мақсатында мүгедек адамдар техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Биыл бұл мақсаттарға бюджетте 3,2 миллиард теңге көзделген. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді көлік ортасын қамтамасыз етудің жалпы тәртібі мен шарттарын айқындау мақсатында облыста мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметі көрсетіледі, – деді Әлия Рахымова.
Облыс бойынша инватакси қызметтері Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында көрсетіледі, 29 мамандандырылған автокөлік бар. Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 163,2 миллион теңге бөлінген.
Сондай-ақ, Павлодар облысының халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында стационарлық, жартылай стационарлық үлгідегі және үйде күтім жасау ұйымдары жұмыс істейді.
Оңалту орталықтарында ағымдағы жылдың басынан бастап 576 мүгедектігі бар адам, оның ішінде 203 бала оңалтудан өткен.
АӘҚ көрсететін стационарлық үлгідегі орталықтарда мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерімен 842 мүгедектігі бар адам, үкіметтік емес ұйымдармен үйде күтім жасау жағдайында 391 адам, оның ішінде 201 бала қамтылды.