Павлодарда «Халық бухгалтері» кеңес беру кабинеті ашылды
Мұнда кәсіпкерлер тегін кеңес ала алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді.
- Өңірде Республикалық акция шеңберінде жеке кәсіпкерлер үшін «Халық бухгалтері» кеңес беру кабинетінің презентациясы өтті. Акция Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жаңа жобасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілерін қолдау, сондай-ақ бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу сапасын арттыру, - дейді департамент басшысы Ержан Тоқтарханов.
Акция 5 қаңтарда басталып, ағымдағы жылдың 30 маусымына дейін жалғасады. «Халық бухгалтері» кабинеті кәсіпкерлерге бухгалтерлік есеп, салықтық есептілік және ақпараттық жүйелердегі жұмыс мәселелері бойынша тегін кеңес береді. Кеңес беруді «Қазақстанның бухгалтерлер және бухгалтерлік ұйымдар одағы» бухгалтерлердің кәсіби ұйымының мүшелері және МКБ мамандары жүргізеді.
«Халық бухгалтері» жобасы – бұл салық органдарының бақылау моделінен салық төлеушілерге қызмет көрсетуге көшудің алғашқы қадамы. Әрі қарай бұзушылықтарды алдын алуға және консультациялық қолдау сапасын арттыруға бағытталған қосымша шараларды іске асыру жоспарлануда.
Айта кетелік, «Халық бухгалтері» кабинеті Павлодар қаласы Жеңіс алаңы, 5а (1-қабат, сол қанат) мекенжайында орналасқан.
Акцияның алғашқы айларында (қаңтар-ақпан) кабинеттің жұмыс кестесі аптасына 3 рет (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма) сағат 10.00-ден 13.00-ге дейін. Наурыз айынан бастап кеңес беру аптасына 2 рет өткізіледі.