Павлодар облысында ерте жүктілік деңгейі төмендей бастады

Павлодар облысында ерте жүктілік деңгейі төмендей бастады
Фото: автор

Жасанды түсік жасатулар саны да азайып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Достық үйінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелерінің қатысуымен жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау тақырыбында семинар өтті. Шараны Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова ашты.

Баяндамашы Мемлекет басшысының ұлт денсаулығына, отбасы институтын нығайтуға, өскелең ұрпаққа әлеуметтік-медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлетін бастамаларын еске салды.

– Жастарға қамқорлық жасау, жауапты мінез-құлық мәдениетін және салауатты өмір салтын ұстануды қалыптастыру – денсаулық сақтау саласының ғана міндеті емес, бұл біздің ортақ міндетіміз, – деп атап өтті Айгүл Мәлікова. – Біз тиімді профилактикалық жүйе құру үшін барлық мемлекеттік органдардың: білім, медицина, ата-аналар қауымы және жастардың өз күштерін біріктіруіміз керек. Әрбір жасөспірім қажетті ақпаратқа, әртүрлі мамандарға қол жеткізуі керек. 

Одан кейін микрофон Ұлттық комиссия мүшесі Жұлдыз Дәулетбаеваға берілді. Ол репродуктивті денсаулық мәселесі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның басым міндеттерінің бірі болып табылатынын ерекше атап өтті.

– Өкінішке орай, елімізде ерте жүктілік өзекті мәселе болып қалып отыр. Мемлекеттік органдардың жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын және «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің нормалары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн. 2020 жылдан бастап кәмелетке толмағандар мен жастар репродуктивті және психикалық денсаулық қызметтерін МСАК дәрігерлерінің жолдамасынсыз ала алады. Сондай-ақ профилактикалық және консультативтік-диагностикалық қызметтерге тәуелсіз қолжетімділік жасы қысқартылды. Алайда 18 жасқа толмаған жасөспірімдерде жүктілікті жасанды түрде тоқтату тек ата-анасының немесе заңды өкілдерінің келісімімен жүзеге асырылады, – дейді Жұлдыз Давлетбаева.

Оның айтуынша, 15-17 жас аралығындағы қыздар арасында туу санының жалпы төмендеуіне қарамастан, жекелеген өңірлерде жасөспірімдердің жүктілігі мен түсік жасату деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. «Қызыл аймаққа» Жетісу, Атырау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары кіреді.

Дегенмен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шәметековтың айтуынша, 2025 жылдың сегіз айында ерте жүктіліктің 43 жағдайы тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24-ке аз. Облыста 31 мыңнан астам адамды қабылдаған үш жастар денсаулық орталығы болса, оның тең жартысы 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер. Көбіне психологиялық, гинекологиялық және урологиялық көмек қажет.

Облыстық білім басқармасының басшысы Айгерім Әбенова басқарманың жастарды адамгершілікке тәрбиелеудегі жұмысы туралы баяндады. Мәселен, облыс мектептерінде 256 «Аққу» қыздар клубы ашылып, онда төрт мыңнан астам оқушы қыз білім алуда. 231 мектепте әкелер үйірмесі, 125 мектепте ата-әжелер үйірмесі жұмыс істейді. 

«Жас дарын» мектеп-лицейінің ата-аналар комитетінің төрайымы Құндыз Жамбаева «Анаға қарап қыз өсе» клубының жұмысына тоқталды. Оқушы қыздарды адамгершілік қасиеттерге, қолөнер шеберлігіне, анасымен жақын, бейресми қарым-қатынасқа үйретеді. 

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері баршаны бірлескен жұмысқа белсене қатысуға шақырды, кез келген ұсынысты зерделеуге дайын екендіктерін жеткізді. «Павлодар облысының Азаматтық альянсы» ММ атқарушы директоры Марина Поух мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды қалыптастыру кезінде ақпаратты қағазға басып шығарудың орнына әлеуметтік желілер мен интернетте үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескеруді жақтады.