Павлодар облысында ең жоғары еңбекақы – Екібастұзда
Ақтоғай ауданында табыс көлемі керісінше төмен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қаңтар-наурыз айларында облыста бір тұрғынның орташа айлық атаулы жалақысы 352 036 теңгеге жетті. Бірақ бұл сома –республикалық деңгейден 30 мың теңгеге төмен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аймақтағы орташа табыс 15 пайызға, нақты жалақы индексі алты пайызға өсті.
Ең көп жалақы тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазу жұмыскерлері алады – 585 813 теңге, бұл – ел бойынша 278 216 теңгеге төмен. Ең төмен жалақы – өнер, ойын-сауық және демалыс саласы қызметкерлерінде – 181 043 теңге. Бұл – орташа республикалық деңгейден 64,4 мыңға төмен.
Аймақ бойынша кеншілер қаласының тұрғындары ең жоғары жалақы алады.
– Екібастұз қалалық әкімшілігіндегі ең жоғары жалақы – 435 мың теңге, ең төмен Ақтоғай ауданында – 226 мың теңге, – деді Ұлттық статистика бюросы статистика департаментінің басшысы Жақан Жәкенов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ спикер бір жұмысшының орташа айлық номиналды жалақысының қалай қалыптасатынын түсіндірді. Ол үшін есептелген жалақы қорының сомасы кәсіпорын қызметкерлерінің нақты санына және есепті кезеңдегі айлар санына бөлінеді. Мысалы, егер 2023 жылға арналған жалақы қоры 730 миллион теңге болса, ал іс жүзінде 185 адам жұмыс істесе, орташа жалақы шамамен 330 мың теңге шығады.
– Әр тұрғын өз жалақысын орташа деңгеймен салыстыра алмайды, бұл – тек арифметикалық көрсеткіштер, – деп атап өтті спикер. – Медианды жалақы мөлшеріне назар аударуға болады. Жұмысшылардың жартысы аз алса, екіншісі көп алады.
2023 жылы павлодарлықтардың орташа табысы 261 мың теңгені құрады. Статистикалық мөлшер аударымдардың барлық түрлерін ескере отырып көрсетіледі. Бұл ретте бірінші жартыжылдықтағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы бір адамға орташа есеппен 47 469 теңгеге дейін жетеді.