Павлодарлық айтыскер: Қобызбен айтысатын адам болса...
Өнерпаз елде жоқ аспап жасатқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Айтыс өнері – қазақ халқының бұрқырап жатқан қанындағы мәдени батл. Айтыс десе ішкен асын жерге қоятындар көп болмаса да, өзіндік ерекше фанаттары жеткілікті. Бұл өнерде көрерменді аузына қаратып, интригаға толы суырып салмалығын көрсететіндердің рөлі де ерекше. Ал Павлодар өңірінде айтыскерлердің ішінде де ерекшесі бар. Бұл айтыскердің ерекшелігі – қобыз және домбырамен де айтысуында.
– Әрине, қазір домбырамен айтысып жүрген айтыскерлер көп, бірақ менен басқа қобызбен айтысатын ақын жоқ-ау. Болса айтысар едім, – дейді айтыскер Бөкен Жігерұлы.
Ел арасында домбырада да, қобызда да ойнай алатын адамды «Телқоңыр» деп атайды. Бөкен Жігерұлы – осы телқоңырлықты бойында алып жүрген ақындардың бірі. Жақында ақын өзіне арнайы елде ешкімде жоқ аспап жасатқан.
– Менің идеямнан туған бұл аспап менен басқа ешкімде жоқ. Бұл аспапты «телқоңыр» деп атадық. Яғни, аспаптың бір жағы қобыз болса, екінші жағы добыра, – дейді Бөкен Жігерұлы.
Бүгінгі таңда ақын облыстық «Шаңырақ» мәдениет орталығының үйірме жетекшісі қызметін атқарады. Сонымен қатар, айтыстардан да қалыс қалмайды.
– Шәкірттер тәрбиелеп, жалпы телқоңырды, қобыз аспаптарын насихаттау ойда бар. Әзірге шәкірттерім жоқ, – дейді айтыскер.
Айта кету керек, Бөкен Жігерұлы – «Алтын домбыра» байқауының арнайы жүлде иегері, Жүрсін Ерманның 70 жылдығындағы айтыстың бас жүлде иегері, Моңғолия мемлекетіндегі халықаралық айтыстың жүлдегері, «Асыл домбыра» байқауының және басқа да республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегері.