Павлодар облысында ең көлемді несиені сүт фермасы алған

Павлодар облысында ең көлемді несиені сүт фермасы алған
Фото: ӨКҚ

Кәсіпкерге жеке ісін дамыту үшін 3,6 миллиард теңге бөлінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марлен Нәбиев мәлім етті. 

– Көбінесе мал және егін шаруашылығы  үшін несие алады. Мал өсіру, сүт фермалары, бордақылау алаңдары, құс фермалары сынды кәсіптерді бастаймын деген бизнесмендер несие алуға өтініш беріп жатады. Сондай-ақ, мезгілдік кәсіпке де несие береміз. Бұл – егін, егінге арналған техникалар. Шағын несие алатындар да бар, –  дейді Марлен Нәбиев.

Спикердің айтуынша, «Агробизнес» жобасы бойынша 5 миллиард теңгеге дейін бөлінеді, мерзімі –  120 айға дейін. «Іскер» жобасы бойынша 6 миллион теңге, мерзімі –  84 айға дейін. «Жас ұрпақ» жобасы бойынша 5 миллион теңгеге дейін,  мерзімі –  84 айға дейін.  

«Кең дала» бағдарламасымен 3 миллиард теңге бөлініп, 115 жоба  қаржыландырылған.

– Аграрлық несиелік корпорацияның 19 өңірде филиал бар. Корпорация жұмысын бастағаннан бері 271 мың жобаға 2,6 триллион теңге бөлінген, – дейді Марлен Нәбиев.

Сондай-ақ, «Агробизнес» бағдарламасы бойынша игеру фактісі 4,856 миллиард теңгеге жеткен. Нақтырақ айтсақ, негізгі құралдарды сатып алуға – 2,770 миллиард теңге, биоактивтерді сатып алуға – 105 миллион теңге,  айналым қаражатын толықтыру мен жиын-терім бойынша  1,981 миллиард теңге бөлінген.