Павлодар облысында интернетті өшіру туралы ақпарат – жалған
Өңір тұрғындарынан тек ресми ақпаратқа сенуді сұрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде белгісіз әйелдің 26 сәуірден 10 мамырға дейін интернет мүлдем болмайтыны туралы айтылғаны жазылған дыбыстық хабарлама таралуда.
– Электрондық кассалық аппараттардың иелері калькуляторлар мен таразыларды пайдалануы керек. Өңір тұрғындарына екінші деңгейдегі банктердің есеп шоттарынан өз жинақтарын алу ұсынылды, – дейді хабарламаның авторы.
Облыс әкімдігінде бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны туралы айтты.
– Павлодар облысының цифрлық технологиялар басқармасының хабарлауынша, барлық байланыс операторларының ақпараттық-телекоммуникациялық инфрақұрылымы штаттық режимде жұмыс істейді, - деп атап өтті әкімдікте.
Аймақ тұрғындарынан ресми және сенімді ақпарат көздерінен алынған ақпаратқа сенуді және жалған ақпарат таратпауды сұрады.