Павлодар облысында кәсіпкер алкогольді заңсыз сатқан үшін жазаланды

Павлодар облысында кәсіпкер алкогольді заңсыз сатқан үшін жазаланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сот лицензияны уақытша тоқтатып, айыппұл салу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының Железин аудандық соты алкоголь өнімін өткізу талаптарын бұзу фактісі бойынша жеке кәсіпкерге қатысты әкімшілік істі қарады.

Іс материалдарына сәйкес, ағымдағы жылдың ақпан айында таңғы сағат 9:35 шамасында Железин ауылындағы дүкенде кәсіпкер сатып алушыға 0,7 литр арақ сатқан. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, этил спирті 30%-дан асатын алкоголь өнімдерін сағат 21:00-ден кейін және келесі күнгі 12:00-ге дейін бөлшек саудада өткізуге тыйым салынады.

Осылайша, кәсіпкер алкоголь өнімін сату тәртібін бұзған.

Сот отырысында құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, істің мән-жайларымен келіскен.

Сот шешімімен жеке кәсіпкер кінәлі деп танылып, оған 121 100 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар алкоголь өнімін сақтау және бөлшек саудада өткізуге арналған лицензияның қолданысы бір айға тоқтатылды.

Қаулы заңды күшіне енді.