Павлодар облысында көлік салығына қатысты өзгерістер түсіндірілді

Павлодар облысында көлік салығына қатысты өзгерістер түсіндірілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының жетекшісі Арман Увалиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, ең маңызды жаңалықтардың бірі – жеңіл автокөліктерге салық есептеу тәртібінің өзгеруі. Енді көліктің пайдалану мерзіміне қарай түзету коэффициенттері қолданылады.

–  Егер көлік құралын пайдалану мерзімі 10 жылдан 20 жылға дейін болса, онда 0,7 түзету коэффициенті қолданылады. Яғни салық сомасы шамамен 30 пайызға азаяды. Ал 20 жылдан асқан көліктерге 0,5 коэффициенті қолданылып, салық мөлшері 50 пайызға дейін төмендейді, – деді Арман Увалиев.

Басқарма жетекшісінің сөзінше, бұл өзгеріс ескі көліктердің иелері үшін салық жүктемесін азайтуға бағытталған. Мысалы, қозғалтқыш көлемі үлкен автокөлік үшін есептелетін салық шамамен 530 мың теңге болуы мүмкін. Егер мұндай көлік 20 жылдан асқан болса, түзету коэффициенті қолданылғаннан кейін төленетін салық шамамен 250-260 мың теңге шамасында болады.

Сонымен қатар бұрын Салық кодексінде көліктің Қазақстанға 2013 жылдың 31 желтоқсанына дейін немесе одан кейін әкелінгеніне байланысты бөлек салық мөлшерлемелері қарастырылған болатын. Жаңа кодекске сәйкес бұл айырмашылық алынып тасталды.

– Енді көліктің елге қай уақытта әкелінгеніне байланысты бөлек салық мөлшерлемелері болмайды. Барлық көліктер үшін бірдей тәртіп қолданылады, – деп түсіндірді спикер. 

Айта кету керек, аталған өзгерістер келесі жылдан бастап, яғни келесі салық кезеңінде есептеу кезінде қолданылады. Ал биыл азаматтарға 2025 жылға арналған қолданыстағы нормалар бойынша көлік салығы есептеледі.

Бұдан бөлек, өңірде биылдан бастап «Халықтық бухгалтер» акциясы өткізіліп жатыр. Оның аясында тұрғындарға бухгалтерлер тегін кеңес береді. Кеңестер салық салу, кәсіпкерлік және есеп жүргізу мәселелерін қамтиды. Қаңтар-ақпан айларында консультациялар аптасына үш рет өткізілсе, наурыз айынан бастап аптасына екі рет ұйымдастырылып жатыр.

Іс-шаралар Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында өтуде. Мамандар азаматтарды Мемлекеттік кірістер органдарына жүгініп, тегін консультация алуға шақырады.