Павлодар облысында көмір қышқыл газынан уланған балалардың жағдайы белгілі болды

Павлодар облысында көмір қышқыл газынан уланған балалардың жағдайы белгілі болды
ЖИ иллюстрациясы

Жасөспірім қыздар облыстық балалар ауруханасында ем алуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, облыстық балалар ауруханасына көміртегі тотығымен улану белгісі бар екі бала жеткізілген.

– 6 қазанда аурухананың қабылдау бөлімшесіне жедел медициналық жәрдем бригадасы 2012 және 2015 жылы туған екі қызды жеткізді. Балалар Тереңкөл ауылындағы пешпен жылытылатын жеке тұрғын үйде тұрады. Балалардың басы ауырып, жүрегі айныған. Осыған байланысты олар алдымен Тереңкөл аудандық ауруханасына медициналық көмекке жүгінген. Кейін балалар әрі қарай тексеріліп, ем қабылдау үшін Павлодар облыстық балалар ауруханасына жіберілген, – делінген хабарламада.

Кезекші педиатрдың тексеруінен кейін екі бала да бақылау және ем алу үшін соматикалық бөлімге жатқызылды.Қазіргі уақытта балалардың жағдайы тұрақты.

Облыстық балалар ауруханасының мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері медициналық мекемеге көміртегі тотығымен улану жағдайымен 12 бала жүгінген. Оның ішінде 6 жағдай қыркүйек айында тіркелген.

Мамандар пешпен жылытылатын тұрғын үйлерде жылыту маусымы кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңызын ескертеді. Пеш пен мұржаның жарамдылығын алдын ала тексеріп, бөлмені тұрақты желдету және көміртегі тотығын анықтайтын құрылғыларды пайдалану қажет.