Мәжіліс депутаттары Павлодардағы №1 аурухананың жаңғырту жұмыстарын тексерді
Аурухана жөндеуден өтіп, заманауи технологиялармен жабдықталудың соңғы сатысында тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша жұмыс сапары аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Вера Ким мен Жарқынбек Амантай Павлодар қалалық №1 ауруханасына барды. Аталған нысан «AMANAT» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасына енгізілген және депутаттардың тұрақты бақылауында.

– Қазіргі уақытта ауруханада қайта жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталу үстінде. Құрылыс-монтаж жұмыстары толық көлемде бітті. Бүгінде мекемеде заманауи медициналық жабдықтарды баптау және іске қосу, сондай-ақ медициналық персоналды жаңа техникамен жұмыс істеуге оқыту шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр, – деді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Ведомствода атап өткендей, мәжілісмендер жаңартылған корпустарды аралап, жобаның іске асырылу барысымен егжей-тегжейлі танысты. Депутаттар аурухананы қайта жаңғырту өңір халқына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға берік негіз қалайтынын ерекше атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Вера Ким мен Жарқынбек Амантай Павлодардағы жаңғыртылған кітапханаларды аралап, мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы мәселесін көтерген болатын. Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов Тереңкөл ауданында болып, ауыл шаруашылығы мен тұрғын үй құрылысы мәселелерін талқылады.