Ана, әже, қыз сабақтастығы: Павлодар өңірінде ауқымды облыстық форум ұйымдастырылды
Павлодар ауданына қарасты Шақат жалпы орта білім беру мектебінде «Адал азамат. Тұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Ұрпаққа үлгі – ұлтқа аманат» атты облыстық семинар-форум ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауқымды іс-шараға Павлодар қаласы мен Павлодар ауданы, сондай-ақ Май, Шарбақты, Аққулы аудандарынан білім беру ұйымдарының өкілдері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагогтер, ата-аналар және оқушылар қатысты. Жалпы саны 110-ға жуық қатысушы қамтылды.

Форумның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиені дәріптеу, «Тұтас тәрбие» бағдарламасының мазмұнын тәжірибе арқылы көрсету және өңір мектептері арасында тиімді тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру.
Шара салтанатты концерттік бағдарламамен ашылды. Домбыраның қоңыр үнімен басталған жиында оқушылар ұлттық өнерді дәріптеп, дәстүрлі құндылықтарды насихаттайтын көріністер ұсынды. Бұдан кейін қатысушылар алты бағыт бойынша ұйымдастырылған секциялық жұмыстарға бөлінді.
Атап айтқанда, «Берекелі диірмен», жүн түту мен киіз басу, «Ұрпақтар кездесуі» сыр-сұхбат алаңы, «Дастархан ырысы», ұлттық әшекей бұйымдарын жасау және басқа да шығармашылық бағыттарда тәжірибелік жұмыстар көрсетілді. Әсіресе, биылғы форумда қыз тәрбиесіне ерекше мән беріліп, ана-қыз-әже арасындағы рухани сабақтастық кеңінен таныстырылды.

– Бүгін біз облыс көлеміндегі әріптестерімізді мектеп қабырғасында қарсы алып отырмыз. Форумның басты мақсаты – жас ұрпақты ата-ананы қадірлеуге, салт-дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу. Біз аналар мен әжелер мектебінің жұмысын, үш буын арасындағы сабақтастықты нақты іс жүзінде көрсетіп отырмыз. Бұл – жай ғана семинар емес, ұлттық тәрбиені жүйелі түрде жүзеге асырудың нақты моделі. Қонақтарымыз бүгін көрген тәжірибені өз мектептерінде жалғастырып, өңір көлемінде оң нәтижесін береді деп сенеміз, – деді Шақат жалпы орта білім беру мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Смағұлова.

Форумға арнайы қатысқан облыстық «Нұр-Ана» қорының басшысы Бақытжамал Максилова шараның тәрбиелік мәніне жоғары баға берді. Ол ұлттық құндылықтарды сақтау мен отбасы тәрбиесінің рөліне ерекше тоқталды.
– Форум атауының өзі – үлкен жауапкершілік. Ұрпаққа үлгі болу – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы деген қағиданы ұмытпауымыз керек. Сондықтан бүгінгі шара – ұлт болашағына бағытталған маңызды қадам. Қазіргі мектептердің мүмкіндігі мол, жағдай жасалған. Ендігі міндет – сол мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, саналы, білімді, отаншыл ұрпақ тәрбиелеу. Осындай форумдар қоғамдағы бірлікті нығайтып, ұлттық рухты көтереді, – деді ол.
Форум барысында мектептің белсенді оқушылары әр бағыт бойынша өз жобаларын таныстырып, шеберлік сабақтарын өткізді. Ұлттық тағам дайындау, қолөнер бұйымдарын жасау, сахналық қойылымдар арқылы оқушылар өз қабілеттерін көрсетті.
– Форум өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Әркім өз бағыты бойынша дайындалды. Мен ұлттық тағам – талқан дайындау жолын көрсетемін. Мұндай шаралар бізге үлкен тәжірибе береді: жаңа білім аламыз, жаңа дағдыларды меңгереміз, көпшілік алдында сөйлеуді үйренеміз. Бүгін мектеп белсенділері бір мақсатқа жұмылып, өз қабілеттерін көрсетуге тырысты. Осындай форумдар арқылы біз өзімізді дамытып қана қоймай, болашақта басқа мектептермен де ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік аламыз, – дейді 10-сынып оқушысы Айым Қайсаринова.

Айта кетейік, бұл форум мектепте екінші рет ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы көктем мезгілінде облыс көлемінде ашық форматта өткізілген шарада ұлттық тағамдар әзірлеу, дәстүрлі тұрмыс көріністері мен салт-дәстүрлер кеңінен насихатталған болатын.
Биылғы форум мазмұндық тұрғыдан тереңдеп, отбасы тәрбиесі мен ұлттық сабақтастық тақырыбын кеңінен қамтыды.
«Ұрпаққа үлгі – ұлтқа аманат» форумы Павлодар облысындағы білім беру ұйымдары үшін тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналып, «Адал азамат. Тұтас тәрбие» бағдарламасының өңірде жүйелі жүзеге асып жатқанын көрсетті.