Павлодар облысында картоптың рекордтық көлемдегі өнімі күтілуде

Павлодар облысында картоптың рекордтық көлемдегі өнімі күтілуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл соңына дейін бес көкөніс сақтау қоймасы ашылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында жем-шөппен қамтамасыз ету және егін жинау науқанына дайындық мәселелері жайлы айтылды. Жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарының жинау алқабы 1 миллион 445 мың гектарды құрап отыр, бұл өткен жылғы деңгейден 78,7 мың гектарға артық. Биыл майлы дақылдар мен картоп егу көлемі ұлғайтылды. 

– Ағымдағы күні ауыл шаруашылығы дақылдары жалпы ауданы 35,6 мың гектар немесе 2,5 пайыз, оның ішінде 31,2 мың гектар алқаптағы дәнді дақылдар жиналды. Жалпы өнім 31 000 тоннаны, ал орташа өнімділік гектарына 10 центнерді құрайды. 1,74 мың гектар алқаптағы картоптың жалпы алым 43 000 тоннаны және орташа өнімділік гектарына 252 центнерді құрайды, – деді облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева.

2025 жылы егістіктің көлемі рекордтық деңгейге жетеді деген болжам бар.

– Біз астық бойынша майлы дақылдарға ауыстыру жұмыстарын жүргіздік. Аудан мен қалалардың ауылдың әкімдері бұл жұмысқа атсалысып, керекті деңгейде барлық жұмысты үйлестіреді. 500 мың гектардан астам жер алқабы майлы дақылдармен егіліп, осыдан бұрын ешқашан болмаған, рекордтық көлемде егістіктің нәтижесін көруге дайындалып жатырмыз, – деді аймақ басшысы. 

Әйгерім Қабылтаеваның айтуынша,биылғы жылдың ерекшелігі – ауыл шаруашылығының монодақыл, атап айтқанда дәнді дақылдарға тәуелділігінің төмендеуі және жоғары рентабельді және сұранысқа ие дақылдарға көшуі болып табылады. Бұл әртараптандыру ішкі нарықты отандық өніммен, ал өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қанықтыруға мүмкіндік береді.

Жиында Асайын Байханов 800 мың тоннадан астам картоп жинау көзделгенін айтты. Облыс әкімі осындай көлемдегі картопты сақтау үші қоймалар қаншалықты дайын екенін сұрады.

– Биыл картоп алқаптары алты мың гектарға ұлғайтылды. Облыс бойынша 153 картоп сақтайтын қойма бар. Олардың бәрін аудандармен бірлесіп тексеріп жатырмыз. Қосымша биылғы жылдың соңына дейін тағы да бес қойма іске қосылатын болады. Қазіргі таңда фермерлер өз жинап жатқан картоптарын басқа облыстарға, өңірлерге жіберіп жатыр, – деді облыс әкімінің орынбасары. 

Өсімдік шаруашылығын қолдауға алты миллиард теңге субсидия бөлінді, бүгінгі таңда ол толықтай игерілді. Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызды құрап отыр.

– Күзгі егіс және жем шөп дайындау жұмыстары жалпы өте маңызды мәселелердің бірі. 25 қазанға дейін малдың жем шөбін жалпы қоймаларға әкеліп, шөмелеге шөптерін үйгізіп, майлау жұмыстарын бәрін аяқтау керек, – деді Асайын Байханов. 

Оның сөзінше, биылғы егін науқаны науқаны қысқа мерзімде өту керек. Бүгінгі таңда 1 млн 263 мың гектар шабылды немесе жоспардан 89%. 44,2 мың тонна пішен дайындалды. Егін жинау жұмыстарын жүргізу және жемшөп дайындау мәселесі тұрақты бақылауда.