Павлодар облысында келесі жылы 13 пошта бөлімшесі жабылады

Павлодар облысында келесі жылы 13 пошта бөлімшесі жабылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тұрғындардың саны екі мыңнан аз ауылдардағы пошта бөлімшелері болмайды.

Бұл туралы @Pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігі жолдаған сауалхатқа «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы хабарлады. 

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің «Пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштерін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, ауылдық жерлердегі халықтың нормативтік саны кемінде 2000 адамға тең болған кезде пошта байланысының стационарлық бөлімшесі жұмыс істеуге тиісті. Жоғарыда көрсетілген сапа мен халық санының көрсеткіштеріне сүйене отырып, сондай-ақ АПББ-нің тиімсіздігіне байланысты пошта байланысының кейбір бөлімшелерін жабу туралы шешім қабылданған.

Өңірімізде 136 пошта филиалы жұмыс істейді. Оның ішінде Павлодар қаласында – 15, Екібастұз қаласында – 10, Ақсу қаласында – бір және аудандарда 105 бөлімше бар, – деп жазылған хабарламада. –  Жуырда Ертіс ауданының Майқоңыр, Қоскөл, Ұзынсу ауылдарында пошта бөлімшесі есігін құлыптады. Бүгінге дейін 20 пошта бөлімшесі жабылса, алдағы уақытта 13 бөлімшені жабу жоспарлануда.

Облыстық филиалда аталған елді мекендердің тұрғындары қызмет көрсетусіз қалмайтынын айтады, зейнетақы бұрынғы режимде тізім бойынша жеткізіліп тұрады. Пошта бөлімшелері жабылған ауылдардағы тұрғындармен ақылы қызмет көрсету шарты жасалғанан кейін хаттар мен газет-журналдар, сондай-ақ жазылымды қабылдау жалғасын табады. 

Айта кетерлігі, биыл «Qazpost» жаңа үздік қосымшасы іске қосылды, тұтынушылар енді үйден шықпай-ақ онлайн жазылуды ресімдей алады. Сондай-ақ, жаңа қосымшада сәлемдеме жолын бақылауға, банктік, кедендік және басқа да қызметтерді пайдалануға болады.