Павлодар облысында кейбір ақылы автожол учаскелерінде жол ақысы уақытша тоқтатылды
Оған ақаулар себеп болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ұлттық оператордың, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК-ның және «ҚАЖ-Сервис» ЖШС-нің өкілдері қатысқан комиссияның бірлескен көшпелі тексерулері нәтижесінде республикалық маңызы бар бірқатар ақылы автомобиль жолдары учаскелерінде жол қозғалысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігіне әсер ететін ақаулар анықталды.
Осыған байланысты Көлік министрлігі уәкілетті орган – Автомобиль жолдары комитеті арқылы аталған ақаулар тіркелген ақылы жол учаскелерінің жекелеген бөліктерінде жол ақысын алуды уақытша тоқтатуды келісіп отыр.
Бұл шара қолданылатын 14 ақылы жол учаскесіндегі ақаулы бөліктердің жалпы аумағы шамамен 1 100 000 м² құрайды. Қабылданған шешім жол жабындысын қолданыстағы нормативтік талаптар мен стандарттарға сәйкестендіруге, сондай-ақ жол пайдаланушылары үшін сенімді, қауіпсіз және қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған. Тізімге Павлодар – Семей – Қалбатау, Павлодар – Омбы, Астана – Павлодар сияқты жол учаскелері енді.
Осылайша, ақаулы учаскелер арқылы жүргені үшін жол ақысы алынбайды.
Жол ақысын алуды уақытша тоқтату 2026 жылғы 29 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және қозғалыс қауіпсіздігі мен үздіксіздігіне әсер ететін барлық ақаулар толық жойылғанға дейін жалғасады. Анықталған ақауларды жою жұмыстары 2026 жылы жол-құрылыс маусымы аясында басталып, технологиялық дайындық пен қолайлы ауа райы жағдайларына қарай кезең-кезеңімен орындалатын болады.