Прокурорлар ақсулықтарға тұрғын үйдің жалдау ақысын төмендетуге көмектесті

Тұрғындар енді бір шаршы метр үшін 2,5 есе аз төлейтін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық прокуратура баспасөз орталығының мәліметінше, Ақсу қаласы прокурорының наразылығы негізінде қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекеттік меншікке жататын алты тұрғын үйдегі пәтерлердің жалдау ақысы қайта қаралды.
– Енді тұрғындар 1 шаршы метр үшін бұрынғы 125 теңгенің орнына 49 теңге төлейтін болады. Әкімдік тұрғындармен жаңа шарттар бойынша 100-ден астам келісімшартты қайта жасасты. Жалға алу құнының төмендеуіне прокуратура анықтаған заңбұзушылықтар себеп болды. Атап айтқанда, жалдау ақысын есептеу кезінде әкімдік ғимараттардың есептік пайдалану мерзімін және олардың жалпы аудандарын дұрыс анықтамаған. Бұл жалдау төлемдерінің негізсіз артып кетуіне әкелген, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта прокуратура органдары бұл мәселені толық шешілгенге дейін ерекше бақылауда ұстап отыр.