Павлодар облысында мүгедектігі бар балаларды цифрлық оңалту енгізілуде
Жоба оңалту жұмыстарын мамандармен сабақтан кейін үй жағдайында жалғастыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы оңалту көмегін адамның жеке қажеттілігіне бейімдеуге арналған цифрлық шешімдерді енгізуде.
Орталық 2024 жылдан бері «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен және министрлікпен бірлесіп «QH. Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» жобасын жүзеге асырып келеді. Қазір жоба Шымкент қаласында, Қызылорда, Павлодар және Абай облыстарында жалғасуда.
Жобаның ерекшеліктерінің бірі – оңалту жұмыстарының үйде де жүргізілуі. Мамандармен сабақтан кейін бала жеке іріктелген жаттығуларды үй жағдайында орындайды. Ата-аналар тапсырмалардың орындалуын цифрлық оңалту күнделігіне белгілейді.
– Мамандар баланың жағдайындағы өзгерістерді қадағалап, қажет болса, оңалту бағдарламасын түзете алады. Осының арқасында маман мен отбасының байланысы кезекті қабылдаумен шектелмей, оңалту жұмысы үздіксіз жалғасады, – деп түсіндірді министрлікте.
Цифрлық сүйемелдеудің тағы бір бағыты Солтүстік Қазақстан облысында сынақтан өткізілмек. Алғашқы кезеңде оған мүгедектігі бар 180-ге дейін баланы қатыстыру жоспарланған. Қатысу ерікті және баланың заңды өкілінің жазбаша келісімі қажет.
Әлеуметтік қызметкер алдымен баланың қажеттіліктерін бағалайды. Кейін отбасыға қажетті көмек түрі анықталып, жеке сүйемелдеу маршруты құрылады. Қажет болған жағдайда логопед, психолог, оңалту дәрігері және басқа мамандар тартылады.
Маман мен отбасы арасындағы қашықтан байланысты қамтамасыз ету үшін FSM Social цифрлық платформасы қолданылады. Ол арқылы мамандар онлайн кеңес беріп, жеке тапсырмалар мен ұсынымдар жолдай алады. Сондай-ақ олардың орындалуы туралы кері байланыс алып, оңалту барысын бақылайды.
– Жаңа формат үйде көрсетілетін қолданыстағы арнаулы әлеуметтік қызметтерді алмастырмайды, олардың көлемін де қысқартпайды. Қашықтан байланыс әлеуметтік қызметкердің жұмысын толықтырады және қажет кезде бейінді мамандарды жиірек тартуға жағдай жасайды, – делінген хабарламада.
Жобаға қатысушыларды даярлау және жеке сүйемелдеу маршруттарын әзірлеу 2026 жылғы қыркүйекте басталады. Негізгі кезең 2026 жылғы қазаннан 2027 жылғы сәуірге дейін жалғасады.
Жоба аяқталғаннан кейін жаңа тәсілдің мамандар көмегіне қолжетімділікке, балаларды сүйемелдеу нәтижесіне және отбасыларға қолайлылығына бағалау жүргізіледі.
Министрлік цифрлық технологиялар мамандарды алмастырмайтынын, керісінше олардың мүмкіндігін кеңейтіп, кәсіби көмекті бала мен отбасыға қолжетімді етуге бағытталғанын атап өтті.