Павлодар облысында мәдениет және өнер саласының үздік өкілдері марапатталды

Павлодар облысында мәдениет және өнер саласының үздік өкілдері марапатталды
Суреттерді түсірген Алибек Дженалинов

Павлодарлықтардың кеудесінде «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалі жарқырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Кәсіби мерекелеріне орай мәдениет саласының қызметкерлерін облыс әкімі Асайын Байханов құттықтады. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет ұлттың рухани тірегі екенін бірнеше рет атап өтті. Өнер адамдарының, мәдениет қызметкерлерінің, дәстүрді дәріптеушілердің арқасында ұрпақтар сабақтастығы сақталып, мәдени мұрамыз нығайып, қоғамның рухани келбеті қалыптасады. Сіздердің еңбектеріңіз адамдарға шабыт сыйлап, елімізге деген мақтаныш сезімін арттырады, - деп атап өтті өңір басшысы. 

Бүгінде облыста мәдениет саласы жүйелі түрде дамып келеді. Өңірде кітапханалар, мәдениет үйлері мен музейлер жаңартылып, театр өнері мен креативті индустрия қарқынды дамуда. 

Өңірдің мәдениеті мен өнерінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Павлодар облыстық Суретшілер одағының төрағасы Өсербай Шоранов «Құрмет» орденімен, ал Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.