Павлодарда тұтынушының құқығын бұзған кәсіпкерге айыппұл салынды

Кір жуғыш машинадағы ақауға қарамастан сатушы тауарды алмастырмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жуырда тұтынушы құны 300 мың теңгеден асатын кір жуғыш машинаны сатып алған. Жарты жылдан кейін өндірушінің кепілдігі мерзімі аясында ақау шыққанын айтып, сатушығы жүгінген. Алайда сатушы талапты қанағаттандырудан бас тартқан.
– Бұл – заң бұзушылық, тексеру нәтижесінен кейін кәсіпкерге 200 мың теңгеге жуық айыппұл салынды. Дегенмен өнімді айырбастау немесе қайтару үшін тұтынушы азаматтық сотқа жүгінуі керек, – деді облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова.
Кәсіпкер өз бетінше сараптама жүргізіп, өнімде ақау жоқ екенін көрсеткен. Сол себепті департамент тарапынан өнімді қайтару немесе ауыстыру туралы нұсқама берілмеген. Мұндай жағдайда тұтынушыға қай мекемеге жүгінуді білу қиын болуы мүмкін. Осыған байланысты жауапты органдар арасында нақты өзара әрекеттесу жүйесі бар.
– Мәселе өнімнің түріне емес, тұтынушы шағымының мазмұнына байланысты қаралады. Егер мәселе сапа мен қауіпсіздікке қатысты болса – бұл біздің құзыретіміз. Ал құжаттардың жоқтығы немесе сапасыз қызмет көрсету – бұл тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің құзырында, – деді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлнар Асылбекова.
Мамандардың айтуынша, техникалық реттеу департаменті де азық-түлік және азық-түлік емес өнімдер бойынша жұмыс істейді, бірақ олардың бағыты бөлек – декларация мен техникалық стандарттарға қатысты.
Қандай жағдай болмасын, тұтынушының арызы назардан тыс қалмайды. Шағым түскен соң, оның мазмұнына қарай жауапты орган анықталып, ары қарай бағытталады. Кей жағдайларда екі мекеме бір істі бірігіп қарайды.