Павлодар облысында 15 млрд долларлық алюминий өндірісі салынады
Қытайлық инвестор өңірде бокситті терең өңдейтін жоғары технологиялық кешен салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен XINFA Group басқармасының вице- төрағасы Чжао Тинъюн арасындағы кездесуге қатысты. Кездесу барысында Павлодар облысы аумағында жүзеге асырылатын ең ірі инвестициялық жобалардың бірі талқыланды.
– Жоба аясында бокситті терең өңдеп, алюминий өндіретін жоғары технологиялық өндіріс кешенін салу жоспарлануда. Инвестиция көлемі 15 миллиард АҚШ долларын құрайды,10 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірісті іске қосу 2029 жылға жоспарланған, – деді өңір басшысы.
Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру үшін нақты жұмыстар атқарылуда: ол Қазақстан Республикасының Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізілді, Майқайың кенті маңынан көлемі 2,4 мың гектар жер телімі белгіленді, инвестордың қатысуымен жұмыс сапарлары мен кеңестер өткізілді, сондай-ақ шикізат базасы мен инфрақұрылым мәселелері пысықталуда.
Инвестордың экологиялық жауапкершілігіне ерекше назар аударғым келеді. XINFA Group қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи технологияларын енгізуде, ал өндірістік шығарындыларды тазарту деңгейі 99,9%-ға дейін жетеді. Бұл өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі маңызды факторлардың бірі.