Павлодарда мас күйінде суға түскен тұрғындарға 600 мың теңгеге жуық айыппұл салынды
Рейдтер барысында шомылу маусымының нәтижелері анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жалпы су пайдалану ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы бойынша 209 азамат, қоғамдық орындарда ішімдік ішкені және алкогольдік күйде болғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша 108 азамат жауапкершілікке тартылды. Осы бап бойынша жалпы сомасы 590 мың теңгеден астам айыппұл салынды.
Сондай-ақ, шағын көлемді кемелерді пайдалану ережелерін бұзғаны үшін бес азамат ҚР ӘҚБтК-нің 582-бабы бойынша жазаланды. Ал су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзған 56 азамат ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша айыппұл төлеуге мәжбүр.
– Бұл – рейдтер барысында, полиция қызметкерлерімен бірлесіп анықталған кейбір немқұрайлы азаматтардың жазғы кезеңдегі шомылу маусымының нәтижелері, – дейді төтенше жағдайлар департаментінде.
Айта кетейік, Павлодар облысында шомылу маусымы жабылды.