Павлодар облысында маса мамыр айының басында шығуы мүмкін
Өңірде әуеден өңдеу жасалатын жер көлемі 3 есеге жуық ұлғайған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ӨКҚ-де өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева масаға қарсы улау жұмыстары жөнінде айтты.
– Сәуір айы бойы облысымызда күндіз де, түнде де + температура болады деп болжануда. Сәуір айының 25-іне қарай әуе арқылы өңдеу басталады. Бізде әуе арқылы өңдеу масаның дернәсілдері пайда болған кезде басталады, – деді Әйгерім Қабылтаева.
Су қоймаларынан Ертіс өзені арқылы су жіберу өткен жылы 14 сәуірде басталған. Биыл жауапты комитетке бұдан ерте, 7-10 сәуір аралығында бастау ұсынылды.
«ТЕК.А.ТЕК.kz» ЖШС ғылыми тобының жетекшісі Дәулет Ибраев маса 10 мамырға қарай ұшып шығатынын айтады.
– Масаның көп немесе аз болуы су деңгейіне, күнның жылынуына байланысты. Су ерте уақытта, суық кезде келсе, күн ақырындап жылынса, халық масаны сезбей қалады. Биыл маса шамамен 10 мамырда қанаттанып, ұшып шыға бастайды. Шіркей одан кейін шығады, – деді Дәулет Ибраев.
Облыста өткен жылы әуе арқылы масаға қарсы өңдеу Ертіс өзені бойындағы жайылмаларда 27 мың гектарда жүргізілсе, биыл 71,5 мың гектарда жүргізілмек.
– Былтыр Ақтоғай мен Тереңкөл аудандарында қауіптер болды. Мұнда жайылма жер бедерінің төменгі бөлігінде орналасқан. Су ұзақ тұрып қалады да дернәсілдердің көбеюіне қолайлы жағдай туғызады. Сондықтан биыл бұл аудандарды облыстық мердігер өңдейтін болады. Оған қоса, Ақсу қаласында да көлемді ұлғайттық, – деді Әйгерім Қабылтаева.
Осыған байланысты биыл Ленин кентінде, Кенжекөл ауылында, Ақтоғай және Тереңкөл аудандарында 4 ұшақ орналастырылады.
Одан бөлек, баржалар мен қайықтар арқылы Ертіс өзенінде биологиялық препаратпен өңдеу жүргізіледі. Өзенде Аққулы ауданының Бесқарағай ауылының тұсынан бастап төмен қарай биологиялық препаратты ағызу жүзеге асырылады. Өзеннің бүкіл ұзындығы бойынша 100 км-ден аспайтын аралықпен 8 ағызу нүктесі көзделген.
Сондай-ақ масаның қанаттанған түріне қарсы күнделікті улау да жасалады. Облыс орталығында Павлодар қаласының жағалауы бойындағы теміржол көпірінен Усолка шағын ауданына дейін (30 күн сайын 79 га-дан) жұмысты облыстық мердігерлік ұйым жүргізеді. Қаланың қалған бөлігі, саябақтар, тынымбақтар қалалық және аудандық мердігерлермен өңделеді.