Павлодар облысында мектептердегі жөндеу жұмыстары кестеге сай жүргізілуде
Бүгінде төрт нысанда толық жөндеу аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы аймақ басшысы Асайын Байхановтың қатысуымен өткен аппараттық жиналыста облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина мәлім етті.
– Қазіргі таңда төрт нысанда толық жөндеу аяқталды. Атап айтқанда, Екібастұз қаласына қарасты елді мекенде – екі, Аққулы ауданында – бір және Ақтоғай ауданында бір нысан аяқталды. Қалған 31 нысанда жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Сәуір айынан басталған жұмыстардың басында өзім болып қарадым. Қазір келесі айналымда тағы бір қарап өтетін боламын. Жоспардан қалып жатқан нысан жоқ, – деді Самал Айтқазина.
Басқарма басшысының ерекше бақылауында жөндеу жұмыстары бірінші маусымнан басталған Павлодар қаласындағы бір екі нысан бар. Мысалы, №18 мектепте терезелердің 40 пайызы ауыстырылған.
Облыс әкімі басқарма басшысына әсіресе шалғай ауылдарда жүріп жатқан жөндеу жұмыстарын қадағалап, аралап шығуды тапсырды.
– Қаладағы мектептер қала басшылығының бақылауында болу керек. Шалғай жатқан ауылдарда 30-40 жыл жөндеу көрмеген мектептер бар. Сондықтан солардың барлығын аралап, керек болса, аудан әкімдерін бірге барып тексеріңіздер. Оқу жылы басталмас бұрын мектептер дайын болуы керек. Мектеп оқушылары бірінші қыркүйекте жөнделген ғимараттарда білім алсын, – деді Асайын Байханов.
Айта кетейік, биыл облыста 35 оқу ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.