Павлодар облысында мемлекетке жерді қайтару жоспары жартылай орындалды

Павлодар облысында мемлекетке жерді қайтару жоспары жартылай орындалды
Фото: Константин Шелков

Қайтарылған жердің тоғыз мың гектарға жуығы – егістік, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде Павлодар облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов мәлім етті. 

— Жоспар бойынша мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс жер көлемі 140 мың гектарды құрайды. Қазіргі кезде мемлекет меншігіне 70,7 мың гектар қайтарылды, бұл жоспарланған көлемнің 50,5%-ын құрайды. Осы көлемдегі жердің 8,6 мың гектары — егістік, 60,8 мың гектар — жайылым,  1,3 мың гектар — басқа мақсаттағы жерлер, — дейді басқарма басшысы. 

Атап айтқанда, 20,6 мың гектар мемлекет меншігіне жалға алу мерзімінің аяқталуына, 42,2 мың гектар жалға алушылардың өз еркімен бас тартуына,  4,4 мың гектар күшпен және тағы 3,5 мың гектар басқа себептерге байланысты қайтарылған.  

— Қайта айналымға енгізу шеңберінде 18,6 мың гектар пайдалануға берілді, оның ішінде 11,9 мың гектар тұрғындардың мұқтаждықтарына арналды, — дейді спикер. 

Айта кету керек, ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша биыл 502,3 мың гектар пайдаланылмайтын жайылымдық жерлер анықталды. Олардың ішінде 482,2 мың гектар жерде мал жайылмайды,  20,1 мың гектар жерде төмен жүктеме байқалады.  

2020 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде мемлекет меншігіне 7,5 мың га жер қайтарылды. Сондай-ақ, ведомствоаралық  органдар жер ресурстарын басқару жөніндегі департаментке 62,2 мың гектар пайдаланылмайтын жерлер бойынша шара қолдану үшін материал жіберді,18,2 мың га жерді рационалды пайдалану туралы ескерту жолданды. Осыған қоса, 1,3 мың гектар жер жайылымнан егістік санатына ауыстырылды, жер пайдаланушылар 40,5 мың гектар аумақта мал бар екенін нақтылады.

Еске сала кетейік, облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста облыс әкімі Асайын Байханов жер пайдаланусыз жатса, өнім өндірілмесе, жұмыс орындары ашылмаса, қайтарып алып, басқа инвесторларға беруді тапсырған болатын.