Павлодарлықтар мыңжылдық дәстүрге қарсы
Облыс орталығында SARAP сараптау клубының отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодардың жастар бастамаларын дамыту орталығына Астанадан қадірлі қонақтар келіп, өскелең ұрпақпен тілдесті. «Қазақстандық қоғамдық даму институты» басқарма төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаев ұйым өткізген сауалнама нәтижелерімен таныстырды.
Оған сәйкес, қазақстандықтардың 80 проценті отбасыларының амандығын өмірдің басты құндылығы ретінде санайтын көрінеді. Сонымен қатар, отандастарымыздың көбі ата-аналарының қатігездігін атады. Үлкендерден қысым көретін қатысушылар еліміздің оңтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде тұрады.
Өз кезегінде, Олжас Бейсенбаевтың сөзіне сенсек, ата-аналардың басым көпшілігі балаларына әлеуметтік желілер, гаджеттер мен видео ойындар қауіп төндіреді деп санайды. Бір қызығы, елімізде азаматтық некелер саны мен оларға деген толеранттылық деңгейі өсіп келе жатқандығы байқалады. Бұл бір жағынан қоғамдағы ислам діні рөлінің күшеюіне байланысты.
- Павлодар облысынан дауыс берген адамдардың 70 проценті қыз алып қашу дәстүріне қарсылық білдірген. Бұл үзілді-кесілді қарсы және бұл салтқа қырын қарайтындарды бірге қарағандағы нәтиже, - деді Олжас Бейсенбаев.
Тағы бір спикер – саясаттанушы Бауыржан Серікбаев елімізде жастарға жасалатын іс-шараларды тізбектеп өтті. Сарапшы бизнес, білім және ғылым салаларындағы жеңілдіктерді атап, жастарды белсенділікке шақырды.
Айта кетейік, қыз алып қашу салты Еуразия, Африка халықтарында таралған дәстүр. Ол туралы алғашқы деректер сонау Рим империясы кезінде-ақ тіркелген.