Павлодар облысында мемлекеттік қызметтегілердің басым бөлігі – әйелдер
Оның 500-ден астамы лауазымдық қызметтерді атқаруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің статистикалық мәліметтеріне сәйкес, биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 3 659 мемлекеттік қызметші бар.
– Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы - 41,8, ал орташа еңбек өтілі 12,8 жылды құрайды. Мемлекеттік қызметшілерінің 88,3 пайызы – жоғары білімді, 21,4 пайызы – екі және одан да көп жоғары білімді мамандар,– деді департамент басшысы Асхат Ескендіров.
Оның сөзінше, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің саны – 2 538, яғни 69,4 пайызды құрайды, оның ішінде 534-і – басшылық лауазымдарда.
– Әйелдер ұқыптылық, жауапкершілік сияқты жағымды, жақсы қасиеттерге ие, сондықтан жұмысқа адалдықпен қарайды. Себебі, қаржылық құжаттармен мұқият жұмыс істей білу қажет,– деді Асхат Ескендіров.
2024 жылғы 3 тоқсанның қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардағы бос орындар саны 424 немесе жалпы санның 10 пайызын құрады. Бұл көрсеткіштер соңғы үш жылда тұрақты сақталып келеді.
– Қала мен аудандардағы ТҮКШ, сәулет және құрылыс, жер қатынастары бөлімдерінде бос орындарға қатысты мәселе бар, – деді Асхат Ескендіров.
Айта кетейік, өңірде меритократия қағидатын іске асыру мақсатында 80-нен астам мемлекеттік қызметші жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалды.
Соңғы өзгерістерге байланысты жыл басынан бері оқу нәтижесі 3,33 GPA көрсеткіштерімен мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарын аяқтаған 20 түлек аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалды.