Павлодар облысында мыңнан астам тапсырманың орындалуы бақылауда
Өңір басшысы мемлекеттік органдардан нақты нәтиже талап етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір әкімдігінде Мемлекет басшысы, Президент Әкімшілігі және Премьер-Министрдің тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.
Қазіргі уақытта облыс әкімдігінің бақылауында 1202 тапсырма бар. Оның ішінде 481-і орындалса, қалғандары іске асырылу үстінде.
Кеңесте Президенттің Павлодар облысына жұмыс сапарлары кезінде берген тапсырмаларының орындалуына және өңірдегі негізгі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуына ерекше назар аударылды.
Облыс әкімі Асайын Байханов мемлекеттік органдар басшыларынан тапсырмаларды орындауда формальды тәсілден бас тартып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етті.
– Әрбір тапсырма уақытылы, сапалы әрі нақты нәтижемен орындалуы тиіс. Басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері ұсынылатын ақпараттың сапасы, толықтығы және дұрыстығы үшін жеке жауапты, – деді өңір басшысы.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасарларына жетекшілік ететін салалары бойынша атқарушылық тәртіпке бақылауды күшейтіп, бақылаудағы барлық тапсырмаға қатысты нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.