Павлодар қаласының қоғамдық көліктерінде Абайдың Қара сөздері естілді

Павлодар қаласының қоғамдық көліктерінде Абайдың Қара сөздері естілді
Фото: автор

Бұл бастама Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласында ұлы ойшыл, ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ерекше рухани жоба – 45 қара сөзі аудионұсқасының тұсаукесері өтті. Бұл бастама жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтуға бағытталған маңызды мәдени шара болып табылады.

Жобаның басты мақсаты – Абай Құнанбайұлының 45 Қара сөзін кең аудиторияға қолжетімді ету.

Іс-шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов маңызды көлік кәсіпорны қызметкерлерімен тікелей кездесіп, еңбек ұжымының мәселелерін талқылады. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында аймақты дамытуға жұмысшы кәсіпкерлердің қосқан үлесін атап өтіп, құттықтады.

– Бізде бір аспан, бір күн, бір тағдыр, бір болашақ, бір ел, бір халық бар, – деді Марат Әзілханов.

Шара аясында Абай Құнанбайұлының 45 Қара сөзі алғаш рет аудио форматта трамвай ішінде жаңғырды. Алдағы уақытта бұл даналық сөздер барлық қоғамдық көліктерде тыңдалатын болады. Сонымен қатар, жазба арнайы флешкаға жазылып, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановқа табысталды.

Сапар соңында Муслим Джафаровичтың бастауымен Марат Әзілханов трамвайға отырып, бір айналып шықты. Бұл бастама тек мәдени шара ғана емес, сонымен қатар жастарға үлгі, бірлік пен еңбектің құндылығын дәріптейтін платформа болды.