Қазақстанда АСБ бар балалардың отбасыларына арналған жаңа нұсқаулық әзірленіп жатыр
Құрал әлеуметтік қызметкерлерге әр отбасының қажеттілігіне қарай қолдау көрсетуге көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Ұлттық әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ғылыми орталығы аутизм спектрінің бұзылысы бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылармен жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлерге арналған практикалық нұсқаулық әзірлеуде.
Жаңа құралда отбасымен алғашқы әңгімелесуден бастап, оның қажеттіліктерін анықтауға дейінгі жұмыс алгоритмдері қамтылады. Мамандар отбасының мүмкіндіктері мен қолда бар ресурстарын бағалап, алдағы қадамдарды ата-аналармен бірге жоспарлай алады.
Нұсқаулықта әлеуметтік қызметкерлердің бейінді мамандармен өзара іс-қимылына және көрсетілген көмектің нәтижесін бағалауға да назар аударылады.
Әдістеменің негізгі қағидаларының бірі – отбасымен серіктестік орнату. Баланың ерекшеліктері мен күнделікті қажеттіліктерін ата-анасы жақсы білетіндіктен, әлеуметтік қызметкер қолдау жоспарын отбасы мүшелерімен бірге айқындауы тиіс.
Қазір ғылыми орталық АСБ бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылармен жұмыс тәжірибесін зерттеп жатыр. Мамандар қолданыстағы тәсілдерді, ата-аналар мен әлеуметтік қызметкерлердің қажеттіліктерін талдауда.
Министрлік жаңа әдістемелік құрал отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмекті жүйелеп, мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыруға мүмкіндік береді деп күтеді.