Павлодарда жұмыспен қамтудың «дәмді» мембағдарламалары сөз болды
Жұмыс берушілерге жұмыспен қамтудың бес мемлекеттік бағдарламасы таныстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда жұмыс берушілерге жаңа қызметкерлерді тартуға және олардың жалақысына жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтеуге мүмкіндік беретін жұмыспен қамту шаралары таныстырылды. Кездесуді Павлодар қаласының Мансап орталығы филиалының мамандары ұйымдастырды.
Филиал директоры Қарлығаш Асайымованың айтуынша, бүгінде жұмыс берушілер алдында екі негізгі міндет тұр: қажетті мамандарды табу және шығындарды оңтайландыру. Сонымен қатар Павлодар облысында бес мыңнан астам жұмыс іздеуші бар. Көптеген кәсіпорындарда кадр тапшылығы сезіледі.
— Мемлекет жұмыс берушілерге жұмыс орындарын ашуға және азаматтарды жұмыспен қамтуға барынша қолдау көрсетуге мүдделі. Екінші жағынан, кәсіпорындарға кадр қажет. Сондықтан осы екі бағытты үйлестіріп, жұмыс берушілердің нақты қандай қолдауға мұқтаж екенін білу біз үшін маңызды, — деді Қарлығаш Асайымова.
Жұмыс берушілерді қолдау секторының маманы Данияр Ақанов кездесуге қатысушыларға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бес қолданыстағы шарасын таныстырды. Олар — қоғамдық жұмыстар, «Күміс жас», әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы және мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы жұмыс орындарын құру.

Қоғамдық жұмыстар — ең икемді бағдарламалардың бірі. Ол жұмыссыз азаматтарды біліктілікті қажет етпейтін уақытша жұмыс орындарына орналастыруға мүмкіндік береді. Бағдарламаға қатысушылар күнтізбелік жылдың соңына дейін жұмыс істей алады, ал жалақысы белгіленген шекте мемлекет тарапынан субсидияланады. Бұл бағдарлама жоғары немесе техникалық білімінің жоқ азаматтарға, сондай-ақ денсаулығына байланысты ауыр дене еңбегіне шектеу қойылған адамдарға да тиімді.
Кездесуде жастар практикасына да ерекше назар аударылды. Бұл бағдарлама оқу орнын жаңа бітірген жастарға өз мамандығы бойынша алғашқы еңбек тәжірибесін алуға мүмкіндік береді. Жұмыс беруші үшін негізгі артықшылықтарының бірі — қатысушыға байланысты бірқатар қаржылық міндеттемелердің мемлекет есебінен өтелуі.
Тағы бір маңызды құрал — мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орнын құру. Жұмыс орны қызметкердің жеке қажеттіліктерін ескере отырып жабдықталады. Субсидиялау мерзімі 36 айға дейін жетеді. Бұдан бөлек, жұмыс орнын бейімдеуге қажетті жабдықтарды сатып алуға 300 АЕК-ке дейін қаржылай қолдау қарастырылған.

Кездесуде бұл бағдарламаның нақты тиімділігін көрсететін мысал ретінде көру қабілетінен айырылған Мадина Кенжееваның жұмысқа орналасуы айтылды. Оны массажист ретінде жұмысқа орналастыру үшін арнайы жабдықталған кабинет қажет болған. Мемлекеттік қолдау мен медициналық ұйымның ынтымақтастығының арқасында оған қажетті жұмыс орнын ұйымдастыру мүмкін болды.
Кездесу барысында Әлеуметтік кодекске енгізілетін өзгерістер де талқыланды. Атап айтқанда, бір жұмыс берушінің бір жұмыспен қамту шарасы бойынша мемлекеттік субсидияны жыл сайын тұрақты түрде ала беруіне шектеу қойылуы мүмкін.
— Қазірдің өзінде келесі жылға жоспар құру маңызды. Жылдың соңғы тоқсаны басталды. Сондықтан жұмыс берушілер қандай жұмыс орындарын ашуға дайын екенін және қандай бағдарламаларға қатысқысы келетінін алдын ала анықтағаны жөн. Бұл өтінімдерді уақытында рәсімдеуге мүмкіндік береді. Мен өзім бұрын білім беру саласында аталған бағдарламалардың пайдасын білмедім. Олар нағыз «дәмді», яғни пайдалы бағдарламалар, оларды пайдалану керек, — деді Қарлығаш Асайымова.
Мансап орталығының мамандары жұмыс берушілерді қазірден бастап консультация алуға шақырады. Оның ішінде кәсіпорын белгілі бір үміткерді алдын ала таңдап қойған жағдайда да қажетті бағдарлама мен жұмысқа орналастыру тетігін бірге қарастыруға болады. Мансап орталығының мамандары жұмыс берушілерге аталған бес бағыттың әрқайсысы бойынша кеңес беріп, нақты бос жұмыс орнына сәйкес келетін бағдарламаны таңдауға көмектеседі.